«Ақ жол» партиясы: кәсіпкерлер, «Алаш» ізбасарлары мен «рұқсат етілген оппозиция»

Мәжіліске сайлау қарсаңында Қазақстанның саяси партиялары туралы айтып береміз


23/11/2020
11:34 8829 0

2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан азаматтары парламенттің төменгі палатасы — Мәжіліс депутаттарын сайлайды. Бізде сайлау партиялық тізім бойынша өтеді: сайлаушы өз дауысын жеке үміткерге емес, партияға бере алады. 

 

Осыған орай біз сайлаушыларға Қазақстанда қандай партиялар бар екенін айтып береміз. Өткенде Жалпыұлттық социал-демократиялық партия пен «Ауыл» партиясы туралы жаздық. Бұл жолы «Ақ жол» партиясы туралы сөз қозғаймыз. 

 


 

ДИСКЛЕЙМЕР: masa.media редакциясы ешқандай партияға жақтас емес және агитациясы бар материалдар жарияламайды. Оқырмандарымызға сайлау, партия және саясат туралы мақалалар мен жаңалықтарды тек ақпарат ретінде береміз.

 


 

 

Идеологиясы: «Ақ жол» Демократиялық партиясы өздерін «сындарлы оппозиция», бизнеске арналған партия мен «Алаш» қозғалысының ізбасары ретінде көрсетеді.

 

Құрылған жылы: 2002.

 

Сайлауларда жинаған дауысы: 7,2 % (2016 жылы) — 7 мандат;  7,4 % (2012) — 8 мандат;  3,09 % (2007) — парламентке өтпей қалды, 12.04 % (2004) — 1 мандат.

 

Қанша адам мүше: 255 800 адам (бұл — 2016 жылғы желтоқсандағы ақпарат. Партияның веб-сайтында мен ашық ақпарат көздерінде кейінгі деректерді таба алмадық).

 

Төрағасы: 2011 жылдан бері партия төрағасы — «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы Азат Перуашев. Бұрынғы төрағалары — Болат Әбілов, Әлихан Байменов, Ораз Жандосов, Людмила Жуланова, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Әлихан Байменов.

 

Танымал мүшелері: Дания Еспаева — президенттікке кандидат (2019), Бақыт Сәрсекбаев — 2008 жылы өткен Пекин Олимпиада ойындарының чемпионы.

 

Ұсынған заң жобалары: «Парламенттік оппозиция туралы», «Мемлекеттің шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуі туралы».

 

«Ақ жол» партиясы 2002 жылы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы аясында құрылды.

 

2004 жылы партия Қазақстанның Демократиялық күштерінің Үйлестіру кеңесін құру бастамасын көтергендердің бірі болды.

 

Сол жылы «Ақ жолдың» төрағасы Әлихан Байменов партияның атынан президенттіктен үміткер болды. Сайлауда ол 1,6% дауыс  жинады.

 

2005 жылы партия екіге бөлінді. Партияның орталық кеңесі төралқасының мүшелері Болат Әбілов, Ораз Жандосов және Алтынбек Сәрсенбайұлы «партияның Әлихан Байменов бастаған президиум мүшелері белгілі бір жиналыс ұйымдастырған. Онда олар партияның жоғарғы органы — съездің шешіміне күмән келтірді» деп мәлімдеді. «Ақ жол» төрағалары «кездесу партияны бөлуге бағытталған қасақана әрекет» деп санады.

 

Артынша Байменов «партияда оның мәнін басқаша түсіне бастағандар, демократиялық күштердің консолидациясын тиімді қамтамасыз ету керегін басқаша түсінетіндер пайда болды» деді.

 

Фото: informburo.kz

 

2011 жылы партия басшылығына Азат Перуашев келді. Ол кезде Перуашев «Атамекен» Қазақстанның Ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы еді. Оған дейін Nur Otan партиясының мүшесі болған.

 

2011 жылы президентті сайлау алдында партия «кез келген мүше өз-өзін сайлауға ұсына алады» деп шешім шығарды. Бірақ партия атынан ешкім сайлауға түспеді.

 

2012 жылдан бері «Ақ жол» партиясы — парламенттік партия және Мәжілісте өз фракциясы бар.

 

2017 жылы партия «Справедливая Россия» партиясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

 

2019 жылы «Ақ жолдан» Дания Еспаева президентті сайлауға түсіп, 5 % дауыс жинады.

 

       

Партия жарғысынан: 

 

«Ақ жол» Демократиялық партиясының негізгі мақсаты — әрбір азаматтың еркін дамуына, құқы және бостандығының сақталуына, өмір сүру деңгейінің ұдайы өсуіне, сондай-ақ Қазақстан қоғамы, экономикасы, әлеуметі мен саясатының өрлеуіне қажетті жағдай жасау.

 

«Ақ жол» партиясы Қазақстанда бәсекеге қабілетті және нарықтық экономика құруды, жеке, ең әуелі шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдауды жақтайды.

 

Партия өздерін ұлттық мемлекетті қалыптастырудың іргелі негіздерін қалаған,  ұлттық мүдделерімізді дүниежүзі өркениетінің үздік жетістіктерімен ұштастыру негізінде, қазақ қоғамын еуропалық жолмен  жаңғыртуды өзінің мақсаты еткен «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының ізбасары деп жариялап, арнайы бағдарлама қабылдап, Алаш мұрасын, идеяларын көпке тарату бағытында жүйелі іс-шаралар атқарып келеді.

 

«Ақ жол» партиясының әлеуметтік тірегіқалыптасқан дербес орта тап және оның ұйытқысы отандық зиялы қауым мен кәсіпкерлер.

 

«Ақ жол» демократиялық партиясы қоғам және экономиканы алға бастырудың ең өзекті міндеттерін қойып және сол міндеттердің тиімді шешімдерін табуға қабілетті жекеменшік иелерінің, басқарушылар мен интеллектуалдар табы ретінде ұлттық бизнестің, техникалық және шығармашылық зиялы қауымның қалыптасуына және дамуына жәрдемдесуді өзінің тарихи миссиясы деп санайды.

 

Адамдар «Ақ жол» партиясын жалған, «ыңғайлы» оппозициясы үшін жиі сынап сөгеді. 2012 жылдан бастап партия «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасын ұсынған, кейін 2020 жылы ол заң болып қабылданды. Оған сәкес енді сайлауда аз дауыс жинаған партиялар парламенттік оппозиция бола алады.

 

Партияның 2016 жылғы сайлауалды бағдарламасы «Еңбек етер кез келді» деп аталды. Онда кәсіпкерлікті дамыту, реформалар мен әлеуметтік дамуға баса назар аударылды. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбы қозғалды:

 

«Ақ жол» партиясы өз елін сүйетін және өз президентін бағалайтын, бірақ сыбайлас жемқорлық пен міндетіне бейжай қарайтын селқос шенеуніктердің әділетсіздігіне келіскісі келмейтін адамдар тарапынан мемлекет басшысына (Нұрсұлтан Назарбаева — ред.) жан-жақты қолдау көрсетеді. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің негізгі бағыты — шенеуніктер мен алаяқтардың біздің халықтан ұрлаған миллиардтаған қаржысын шет елдік банктерден Қазақстанға қайтару.

 

Бағдарламаның «Биліктің қоғам алдында ашықтығы және есеп беруі» тармағында қазіргі үкіметпен ынтымақтастық идеялары бар:

 

Біздің мақсатымыз — қоғамды жікке бөлу емес, дұрыс ойлайтын барлық адамды біріктіру үшін; мемлекет іргесін шайқалту емес, демократиялық конституциялық құрылысты нығайту үшін баламалы шешімдер шығару. Біз президентке өз дауысын естірткісі келетіндердің атынан және қызметі бойынша емес, көзқарасы бойынша патриот әрі мемлекетшіл адамдардың атынан жәрдемдесеміз.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

23/11/2020 11:34
8829 0

Уведомление